Өскеменде бортта жанжал шығарған мас жолаушы ұшақтан түсірілді

471

Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Өскеменде бортта жанжал шығарған мас жолаушы ұшақтан түсірілді Фото: narcity.com

Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінде түрлі құқықбұзушылық жасаған 231 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олардың 189-ы әуе кемесінде алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген. Тағы 31 жолаушы ұшақ бортында темекі шеккен, 15 адам ұсақ бұзақылық жасаған, ал 6 жолаушы әуе кемесіндегі мінез-құлық ережелерін бұзған.

Мәселен, 24 тамызда Өскемен халықаралық әуежайында көлік полицейлері "Алматы – Өскемен" бағытындағы рейстен 35 жастағы Алматы тұрғынын түсірді.

Ер адам ұшақ көтеріле бастаған кезде қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сондай-ақ ішімдік ішіп, тамақ пен сусыннан қалған қоқысты салонға әдейі шашқан. Экипаж мүшелерінің талаптарына бағынбай, оларды балағаттап, басқа жолаушыларға дөрекі сөздер айтқан. Бұдан бөлек, рұқсатсыз орнынан тұрып, ұшақтың артқы бөлігіне өтіп, бос орындарға отырған.

Тексеру барысында оның бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің төрт бабы бойынша хаттама толтырылды. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйінде келу, әуе кемесі бортындағы мінез-құлық ережелерін бұзу, ортақ пайдалану орындарын ластау және ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылды.

Екі бап бойынша оған 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды ұсақ бұзақылық жасап, қоғамдық орында қоқыс тастағаны үшін кінәлі деп танып, 20 сағат мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Көліктегі полиция департаменті әуе кемесінің бортында және қоғамдық орындарда тәртіп сақтаудың маңызын еске салып, жолаушыларды заң талаптарын сақтауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу