Өскемендегі полиция басқармасына бұған дейін кәмелетке толмағандарға "трамадол", "тропикамед" препараттары рецептісіз сатылып жатқаны туралы шағым түскен. Арыз Новаторов көшесіндегі дәріханалардың біріне қатысты болған.
"Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұл өтінішті тексеру мақсатында "дәрі сатып алушы" ретінде барып, аталған дәріхана дәрігерінен бақылау мақсатында рецептісіз "тропикамед" препаратын 1200 теңгеге сатып алды. Осылайша, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 48 жастағы фармацефт ұсталды. Одан 11 дана "тропикамед" препараты тәркіленіп, "Трамадол" препаратының 2 данасы, сондай-ақ жалған "сатып алушыдан" өтем үшін алынған 1500 теңге сомасындағы қаражат алынды",– делінген департаменттің хабарламасында.
Іс материалдары ҚР ӘҚБК-нің 426-бабы (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласының ережелерін бұзу) бойынша дәріхана иесін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ШҚО медициналық фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жолданып отыр. 2021 жылдың басынан бастап дәл осы баппен полиция қызметкерлері 5 фактіні анықтапты.