Өскеменде қатарынан екінші рет волейболдан құрлықтық дода өтеді. Биылғы 11 мен 18 шілде аралығында өтетін клубтық Азия чемпионатына 11 команда қатысады, деп хабарлайды altaynews.kz.
Еске салсақ, былтыр облыс орталығы өз тарихында тұңғыш рет волейболдан құрлықтық доданы өткізу құқығына ие болып, оған Вьетнам, Иран, Қазақстан, Қытай, Қытайлық Тайбэй, Тайланд, Филиппин мен Жапонияның чемпиондары қатысты. Бір аптаға созылған сол доданың финалында жапониялық "Хисамицу Сеяку Спрингс" командасын ұтқан тайландтық "Суприм" сары құрлық мықтысы атанған болатын. Өкінішке қарай, байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған "Алтай" волейболшылары қола медаль үшін болған айқаста қытайлық қарсыластарына жол беріп, жүлделі орыннан тыс қалған.
Бір айта кетерлігі, өскемендік суперклубтың арулары биылғы жарысқа да қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Таяуда өткен жеребе тарту рәсімінің нәтижесі бойынша В тобына түскен алтайлықтар Вьетнам, Иран және Қытайлық Тайбэйден келген командаларға қарсылас атанады.
Ал А тобында жарыстың негізгі фавориттері саналатын Тайланд, Қытай мен Жапонияның чемпиондары өзара мықтыны анықтайтын болады. Тағы бір квартетте, яғни С тобында Индонезия, Фиджи, Филиппин мен Шри-Ланканың мықтылары күш сынасады.