Бұдан былай Өскемен қаласының тұрғындары тұрмысқа қажетсіз электрондық техниканы қоқыс контейнеріне тастамайтын болады. Өйткені қалада оларға арналған экобокстар пайда болды, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Әзірге облыс орталығында мұндай контейнер тек бес жерге – "Микен", "Арзан" сауда орындары маңына және Согра ауданының Егоров көшесі 4 үйінің ауласына, Тәуелсіздік даңғылының "Қазақстан" аялдамасы тұсына, "Весна" гастрономы жанына орнатылды. Тоқ сары түсті экобокстарды байқамау мүмкін емес.
Оның сыртында қандай техникалық құрылғыларды тастауға болатындығы туралы мәліметтер жазылған. Сондай-ақ істен шыққан батареяларға арналған тартпасы тағы бар. Бұл жобаны қарағандылық "Промоотход Қазақстан" кәсіпорны жүзеге асырып отыр.
Кәсіпорынның Өскемен қаласындағы өкілі Сергей Сергеевтің айтуынша, істен шыққан ескі тұрмыстық техниканы олар үйден тегін алып кетіп жүр. Техника мемлекеттік бағдарлама аясында жойылатындықтан, өткізушінің жеке кәулігі бойынша арнайы хаттама толтырылады.
"Ауыр техниканы тегін алып кететіндігіміз жөнінде хабарландыруды әлеуметтік желілерге орналастырдық. Сондай-ақ аулаларда да хабарландырулар ілулі тұр. Тапсырыстар түсіп жатыр. Ауыр тұрмыстық техникалар сейсенбі, сенбі күндері шығарылады. Ал контейнерлерге жинақталған қоқысты аптасына екі рет тиеп әкетеміз", - дейді Сергей Сергеев.