Өскемен қаласында экологиялық жағдайды жақсартуға қосымша қаржы бөлінбек. 20 қарашадан бері Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Соның салдарынан ауа сапасы нашарлап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәселенің себеп-салдары мен оны шешу үшін қандай шаралар атқарылатын түсіндірді.
"Ауа сапасы қазандықтардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, автокөліктердің және көмір жағып отырған 28 мыңнан астам жер үйдің әсерінен күрт нашарлап отыр. Экология департаменті мен бірқатар кәсіпорын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту және заманауи сүзгілерді орнату бойынша меморандумға қол қойды. Көптеген кәсіпорын бұл талаптарды қатаң сақтағанымен, араларында елемейтіндері де бар. Тіпті қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері тексерушілерді өз аумақтарына кіргізбей қояды. Бұл олардың бірдеңені жасыратынын білдіреді, – деді облыс әкімі.
Қаладағы экологиялық жағдайға жүргізілетін мониторингтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ауа сапасын бақылайтын қоғамдық кеңес құрылады. Әзірге арнайы комиссия өз жұмысын бастады.
"Датчиктер қаланың әр ауданынан деректерді нақты уақыт режимінде жазып, бір жүйеге біріктіріп, арнайы порталда жариялауға мүмкіндік береді. Халық өзі дем алатын ауада не бар екенін білуі керек. Бұл шаралар нақты деректерді тұрғындарға жеткізіп қана қоймай, ел арасында дүрбелең туудың алдын алады", – деді аймақ басшысы.
Экологиялық жағдайды жақсарту шараларын қаржыландыру келесі жылдың бюджетіне енгізіледі. Осылайша билік ауаның ластануы мәселесін кешенді түрде шешіп, азаматтардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасамақ.