Өскемендегі Ертістің үстінен салынып жатқан жаңа көпірдың қызмет ету уақыты – 100 жыл. Мердігерлер өз жұмыстарына осылай деп баға беріпті. Қазір көпірдің металл құрамалары қойылып жатыр. Оның ұзындығы 322 метр, салмағы 6 мың тонна, деп хабарлайды altaynews.kz.
Алты мың тонналық ауыр құрама темір енді бес метр төмен қарай түсірілуі керек. Қазір көпір арнайы домкраттардың үстінде тұр.
"Барлық жұмыс қатаң түрде кестеге сай атқарылып келеді. Бүгін құрама темірдің үстіндегі дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде", - дейді "Мостотряд" ЖШС жоба жетекшісі Александр Игнатов.
Құрылысшылар жаңа көпірді ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға береміз деп отыр. Оң және сол жағалауды байланыстыратын сегіз жолақты жаңа өткел өскемендіктерді кептелістерден біржолата құтқармақ. Айтпақшы, автокөліктер бірден сегіз жолақпен қозғалатын бұл Қазақстандағы алғашқы көпір болмақ.
Сонымен қатар жаяу жол мен велосипедшілер жолағы да қарастырылған. Көпірдің астында ролик тебуге арналған арнайы алаңқай ашылатынын да айта кетейік.