Полиция департаментінің хабарлауынша, "жеңіл жолмен ақшаға кенелуді ойлаған" отбасы астанадан Өскеменге қыркүйекте келген. Психотропты заттарды саудалаумен айналысқан. Олар көлемді психотропты заттардың дозасын шағын дозаға бөліп, жасырын түрде сатып келген, деп жазады altaynews.kz.
"Тінту барысында күдіктілерден 150 грамм психотропты заттар табылды. Бұл 500 реттік дозаға тең. Қара нарықта төрт миллион теңгеден бастап сатылады. Сонымен қатар дозаларды қаптауға және өлшеуге арналған құрылғы да табылды", – деді Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Күдіктілер қазіргі уақытта уақытша қамау изоляторында. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айып расталған жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.