Өскеменде газет-журнал сататын кәсіпорын "мәжбүрлі түрде" жабылды

717

“Бір адам бүкіл өмірін арнаған жұмысы болатын…” 

Өскеменде газет-журнал сататын кәсіпорын "мәжбүрлі түрде" жабылды Фото: DW

Өскеменде 20 жылдан астам уақыттан бері газет-журнал сатумен айналысып келген агенттік жұмысын тоқтатуға "мәжбүр болды". Қала әкімдігі олардың дүңгіршектеріне арнап арнайы орынды жалға беруден бас тартты. Бұған кәсіпорын басшылығы наразы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Регион" деп аталатын агенттік қалада тоқсаныншы жылдардан бері жұмыс істеп келді. Оннан астам нүктеде дүңгіршектері болды. Бірақ, қала әкімдігінің шешімі бойынша, осыдан үш жыл бұрын алты дүңгіршегі, биыл соңғы екі дүңгіршегі жабылды.

Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Еркін Тұраровтың түсіндіруінше, 2013 жылы "елді мекен аумақтарын абаттандыру" туралы норма қабылданған. Кәсіпорынның дүңгіршектері сонда жазылған "қала дизайны туралы" талапқа сай келмейді. Бірақ басшылық нақты қай жері сай келмейтінін ашып айтпаған.

"Регион" агенттігінің құрылтайшысы Сергей Меньщиковтің айтуынша, қала әкімі Жақсылық Омар оған "дүңгіршек бастан-аяқ әйнек болсын" дегенді айтқан.

Бірақ барлық дүңгіршекті "талапқа" келтіру қаражатты талап етеді. Сондықтан Меньщиков сотқа арызданған, алайда сот қала әкімдігінің пайдасына шешім шығарған.

Мұндай шешімге кәсіпорын иесі ғана емес, журналистер де наразы.

Жергілікті Flash интернет-газетінің редакторы Денис Данилевский оқырмандардың газет-журнал сатып алу мүмкіндігі азайғанына және агенттіктегі жұмысшылар қызметінен айырылғанына алаңдайды.

"Мен Сергей Меньщиковтің өзі қалай көшеде жүріп газет сатқанына, оны 1996 жылы өркениетті түрде сауда желілеріне қалай айналдырғанына куәмін. Өкініштісі, оның бүкіл өмірін арнаған осы кәсібі өте қиын жағдайда тоқтатылды. Менің ойымша, бұл архитектурамен емес, одан бөлек мәселемен байланысты. Әкімнің дүңгіршекті төбесіне еденіне дейін әйнектеу керек дегені тіпті де негізсіз. Әкім кез-келген объектіге барып өзіне ұнамағаны үшін жауып жастай бере ме?! Сонда ертең басқа әкім келіп әйнектерді алып тастаңдар десе не болады? Әрбір шенеуніктің айтқанын орындай беру керек пе? Жақсылық Омар қазір ешкім баспа басылымдары мен кітаптарды оқымайды деп ойлайтын шығар. Бірақ адамдар әлі де басылымдарды оқиды және болашақта да бас тартпайды", - дейді Данилевский.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу