Медициналық кешеннің құрылысы прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен қаржыландырылған.
Орталықтың ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков және өңір тұрғындары қатысты.
Жалпы аумағы 38 мың шаршы метр болатын кешен 148 төсек-орынға арналған стационар мен 24 орындық пансионатты қамтиды.
Медициналық мекеме Шығыс Қазақстан облысының 720 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар кейбір медициналық бағыттар бойынша еліміздің өзге өңірлерінен келген пациенттерге де көмек көрсетіледі.
Орталықта қан аурулары мен онкологиялық патологиялардың күрделі түрлерін диагностикалау және емдеу мүмкіндігі қарастырылған. Пациенттерге сүйек кемігін трансплантациялау, жоғары технологиялық емдеу және оңалту қызметтері ұсынылады.
Жаңа медициналық нысанның ашылуы мемлекетке қайтарылған активтерді халықтың игілігіне жарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы маңызды жобалардың бірі болды.