7-қыркүйектің таңында Өскеменнің сол жағалау ықшам ауданын күйік иісі жайлап алды. Осы ықшам ауданның Рижская көшесіндегі май зауытының қоймасынан шыққан өрт 12 сағатқа дейін созылды.
Таңертеңнен кешке дейін жалғасқан өрттен бөлінген жағымсыз күйік иісі мен түтін тұрғындардың тынысын тарылтып, олардан қаладағы экологиялық қауіпсіздік орталығына телефон қоңыраулары мен арыз, шағымдар бірінен-соң бірі келіп түскен. Қаладағы "Автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг ақпараттық жүйесі" (РАИСПЭМ) қызметі де бұл ықшам ауданда көміртек тотығы мен көмірсутегі мөлшерінің біршама көбейгенін тіркеген, деп хабарлайды altaynews.kz.
"Біздің қызметкерлер мен "Казгидромет" РМК нің мониторингтік қызметі өрт болған аумақтың ауасынан күні бойы сынама алып, атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде азот тотығы 1,1 ШРК (ПДК), формальдегид -3,3 ШРК, фенол-10,2 ШРК болып, мөлшердегіден көбейіп кеткені тіркелді. Қалған зиянды қоспалардың мөлшері санитарлық нормадан асқан жоқ. Тұрғындардың өміріне қауіп төндіретіндей ауаның қатты ластану жағдайы тіркелген жоқ", - деді өртке байланысты жағдайды түсіндірген облыстық экологиялық департаменттің басшысы Дмитрий Кавригин.
Май зауытындағы өрт қойманың қабырғаларының ортасына салынған жылу төсемелерінің өртенуінен болған.