Өскемен он қабатты үйдің астындағы азық-түлік дүкенінен өрт шығып 30 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, зардап шеккендер жоқ.
Оқыс оқиға 22 маусымда сағат 04.40-та Қаныш Сәтбаев даңғылының бойындағы азық-түлік дүкенінде болған. Белгілі болғандай сауда жабдықтары мен азық-түлік өнімдері жанған.
Оқиға орнына келген ШҚО ТЖД қызметкерлері 30 адамды, оның ішінде 6 баланы эвакуациялады. Өрт 05.40-та өшірілген. Қызыл жалын 25 шаршы метр аумақты шарпыған.
- Өртті сөндіруге жеке құрамнан 35 адам және 11 бірлік техника жұмылдырылды. Өрттің алдын ала себептері: электр жабдығының авариялық жұмыс режимі және электр жабдығын орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
ШҚО ТЖД кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді. Электр жабдықтарының жарамдылығын бақылаңыз. Объектілерде ақаусыз алғашқы өрт сөндіру құралдары және ақаусыз автоматты өрт дабылы болуы тиіс. Нысан қызметкерлері қауіпсіздік нұсқамаларынан өтуі және өрт кезінде әрекет ете білуі тиіс.
Өрт кезінде 112 немесе 101 нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз.