Өскеменде Magnum сауда үйі шулы жағдайда ашылды

1459

Алматылық Magnum сауда желісінің Өскемендегі филиалы шулы жағдайда ашылды. 

Өскеменде Magnum сауда үйі шулы жағдайда ашылды

"Карантин уақытында акция ұйымдастырып, көпшілікті жинағанына" Фейсбук, Инстаграмның кейбір қолданушысы шағым түсірді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Наразылық бойынша құзырлы органдардың өкілдері мекенжайға барғанын хабарлады.

"Өскемен. Сенбі. "Қызыл" аймақ. Індет ушығып тұр. Демалыс күндері қоғамдық көлікті де тоқтатқан. Той-томалаққа да рұқсат жоқ. А каким-то образом, дүркіретіп, дүрілдетіп "Магнум" сауда үйін ашты. Қарақұрым халық жиналмаса да нормадан тыс адам топтасыпты. (Норманы той-томалаққа жиналатын қонақпен өлшеп отырмын). Заң-закон бәріне бірдей емес пе? Әлде бас санитарлық дәрігер мұндай шараға рұқсат беріп отыр ма? Бағлан Тауанова (Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы – авт.), поясните пожалуйста. Мүмкін біз түсінбей отырмыз ба?" – деп жазды Мерей Қайнарұлы.(Автордың жазу стилі сақталды – авт.)

Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, аталған фактіге қатысты материал жинақталып, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесіне берілген. Одан ары қарай "СЭС" айналысуға тиіс.

"Өскемен қаласында шектеу және карантин шараларын бұзу фактісі бойынша "Magnum" гипермаркетінің ашылуына орай акция ұйымдастыру және өткізу бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері хаттама толтырды. Жағдайды ерекше бақылау үшін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері мен қала әкімі сауда үйіне барды. Сол жерде сауда желісінің басшылығына түсіндіру жүргізілді және қауіпсіздік сақтау, бақылауды күшейту туралы тиісті тапсырма берілді. Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына полициядан материал келіп түсті. Материалдарды қарағаннан кейін әкімшілік ден қою шаралары қабылданатын болады", – деп жазды аталмыш департамент келесі күні ресми парақшасында таратқан ақпаратында. Баспасөз хатшысының айтуы бойынша, сауда үйіне айыппұл салынып-салынбайтыны әлі белгілі болған жоқ.

Magnum сауда желісінің жергілікті басшылығымен тілдесуге тырысқанымызбен, олар қандай да бір пікір білдіргісі келмейтінін жеткізді.

Осы  орайда айта кету керек, қазір облыс "қызыл" аймақта. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 30 шілдедегі №10-2 қаулысына сәйкес, адамдар көп жиналатын жерлерде (алаңдарда, скверлерде, саябақтарда, серуендеу және жағалау аймақтарында), оның ішінде жабық үй-жайларда (клубтар) бұқаралық, театрландырылған қойылымдар, аниматорлар мен қуыршақтар қызметтері, шоу-бағдарламалар, концерттер және басқа да бұқаралық іс-шараларға тыйым салынған.

Тасқын Болатұлы 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу