Өскеменде өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресте аяғын сындырып алды

169

Қазіргі уақытта өрт сөндірушінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. 

Өскеменде өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресте аяғын сындырып алды Фото: qazdauiri.kz

Өскемен қаласында жарақат алған өрт сөндіруші оң аяғының жабық сынуы диагнозымен травматологиялық бөлімшеге жатқызылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға 5 мамырда Красин көшесінде болған. Тұрғын үйдің төртінші қабатында өрт шыққан. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында № 7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері зардап шекті.

"Өртті сөндіру мақсатында ол үшінші қабатта орналасқан пәтердің балконына автосатысыз көтерілді. Оқиға болған кезде іште тұрғындар болған жоқ. Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында жалынның көрші пәтерлер мен жоғарғы қабаттардағы балкондарға таралуына жол берілмеді", - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Өрттің алғашқы минуттарынан бастап автосаты оқиға орнында болды. Бірақ тығыз өскен ағаштардан оны орнату мүмкін болмады.

"Зардап шеккен қызметкерге ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы медициналық көмекті уақтылы көрсетті. Содан кейін оны оң аяғының жабық сынуы диагнозымен травматологиялық бөлімшеге жатқызды. Қазіргі уақытта өрт сөндірушінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу