Үлбі көпірінің астындағы кейбір учаскелерді су басып, осыған байланысты бұл аумақта көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпаратқа" сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай көктем мезгілінде қар еріп, су деңгейі көтерілген кезде жиі қайталанады.
– Үлбі өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпір астындағы жолдарды ішінара су басты. Қолайсыздықтың алдын алу мақсатында қозғалыс ертерек жабылады. Бұл жыл сайын қайталанатын тәжірибе. Су деңгейі тұрақталған бойда жолдар қайта ашылады, – деді "Таза Өскемен" коммуналдық кәсіпорнының басшысы Марат Жаркеткенев.
Қауіпсіздік мақсатында коммуналдық қызметтер қозғалысты алдын ала шектеп отыр. Шектеу гидрологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін сақталады. Су деңгейі төмендеген соң жол қайта ашылады.
Қала тұрғындарына бағыттарын алдын ала жоспарлап, басқа жолдармен жүруге кеңес берілді.