Қыркүйектің ортасына қарай Өскеменнің бұрынғы жедел медициналық жәрдем ауруханасы ғимаратында 210 төсектік инфекциялық бөлім ашылады. Бұл туралы өңір әкімі Даниал Ахметов хабарлады.
"Қазір аймақтағы төсек орын қорының жүктемесі 30% төмен. Бірақ күзде болуы ықтимал коронавирус пандемиясының екінші толқынымен қатар, дәстүрлі тұмау мен жедел респираторлық аурулардың асқынатынын ескеруіміз керек",– деп жазды әкім фейсбуктегі парақшасында.
Былтыр өңірде қыркүйекте 3,5 мың, қазан айында 5 мың адам тұмаумен ауырыпты. Сондықтан әкім соны ескеріп, қысқа мерзімде ЖМЖА ғимаратында заманауи жабдықталған тағы бір клиника іске қосылуы керектігін айтады.
⠀
"Бүгін қаланың бас дәрігерлерімен бірге аурухананың құрылыс алаңына бардық. Қазір ескі құрылымдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қасбеттің түсі мен стилін сақтаймыз. Мұнда қойылатын компьютерлік томографқа және жұқпалы аурулар бөліміне қажетті әлемдік стандарттарға сай медициналық жабдықтарға тапсырыс бердік. Пандемия аяқталғаннан кейін бұл бөлімше Шығыс Қазақстанның пульмонологиялық орталығына айналады. Жұмыс барысы менің жеке бақылауымда. 15-20 қыркүйектен кешіктірілмей аяқталуға тиіс",– дейді өңір басшысы.⠀