17 шілдеде түскі сағат 14:20 шамасында "102" жедел арнасына Өскемен қаласының тұрғыны Үлбі өзені маңында танысы кішкентай қызымен бірге суға түсіп, оларды қатты ағыс алып кеткені туралы хабарлайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дабыл түскен соң жедел әрекет еткен кезекші көмекшісі Олжас Оразов жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына хабар беріп қана қоймай, нақты координаттар бойынша оларды бағыттап отырды.
Осы үйлесімді іс-қимылдың арқасында оқиға орнына патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов басқарған №9 экипаж шұғыл жетті.
Бұл уақытта рациядан хабарды естіген Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Сұнғат Сейілжанов та жақын маңда болып, өз бетімен өзенге жеткен. Ол бірінші болып келіп, бірден суға секірді. Сол сәтте анасы мен баласын ағыс едәуір қашықтыққа алып кеткен еді, алайда офицер оларға жетіп, судың бетінде ұстап тұра алды. Көп ұзамай қарама-қарсы жағадан жеткен Мұхамеджанов көмекке қосылды.
Алайда қатты ағыс салдарынан өз беттерінше жағаға шығу мүмкін болмады. Полицейлер құтқарушылардың қайықпен келуін күтті.
Қазіргі уақытта анасы мен қызының өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.