"Үлбі модульдік компаниясы" серіктестігі соңғы кездері сүт таситын көлік шығаруды қолға алды. Яғни, олар жүк көлігіне қойылатын цистерналар жасайды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш серіктестікте болып қайтты. Бұл кәсіпорынның өндіріс алаңдарында сэндвич-панельдер, құрылыс материалдары, сондай-ақ модульдық үй-жайлар жасалады.
Серіктестік директоры Вадим Быков облыс әкімін өздері шығаратын өнім түрлерімен таныстырды. Мұндағы өндіріс негізінен ауыл шаруашылығы қажеттілігін өтеуге бағытталған. Атап өтерлігі, кәсіпорын соңғы кездері сүт таситын көліктер шығаруды қолға алыпты. Яғни, олар жүк көлігіне қойылатын цистерналар жасайды.
"Бізге ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды орындау мақсатында сүт қабылдау бекеттерін шығару тапсырылған болатын. Біз ондай бекеттердің бірнешеуін жасап шығардық. Былтыр Шығысқа жасаған сапарлары барысында өнімдерімізді елбасы және премьер-министр көріп, оң бағаларын берді. Енді біз пункттерді жаппай шығаруға көштік. Мұндай бекеттер сүтті тұрғындардан қабылдап, тоңазытып, өндірушіге тапсырылғанға дейін сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан бұл жұмыстардың 50 пайызына субсидия алдық. Қазір біз мал сою кешендерін жасауға кірістік. Еліміздің ешбір өңірінде мұндай кешендер шығарылмайды, яғни біз мұны алғашқы болып қолға алып отырмыз. Сүт таситын цистерналар да тек бізде шығарылады", – деп бөлісті Вадим Быков.
Бір тонналық бөшкелер "УАЗ" жүк автокөліктеріне орнатылады. Көлік 1 тоннадан артық жүк тасуға шақталмағандықтан әзірге цистерналар осы шамада. Өзге жүк көліктері үшін оның көлемін арттыруға да болды. Атап өтерлік жайт, бұл жерде нан-тоқаш өнімдерін пісіруге арналған өндірістік тұмшапештер, асханаларға арналған үлкен электр плиталары да құрастырылады. Облыс әкімі кәсіпорын бағытын құптап, өндіріс көлемін арттыруды ұсынды.