Қоғамдық көліктер әбден ескіріп, қақаған қыста жылымайтын жағдайға жеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Техникадан бөлек электр желілері мен темір жолы да 85 пайызға тозған. Трамвай – өндірістік қаланың ажырамас бөлігіне айналған күре тамыры іспетті. Себебі, аталған көлік жүйесі 65 жылдан бері жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп келеді.
Жолаушы тасымалдаушы компанияның бас инженері Михаил Чайканың айтуынша, трамвайлар Өскемен қаласына өте қажет. Бір вагонның өзі күніне мыңға тарта адам отырады. Егер біз күніне 12 вагон шығарсақ, демек 10 мың жолаушыны тасимыз.
Жолаушы тасымалына жауапты компанияда 25 вагон бар. Соның басым бөлігі ескі. Сондықтан жиі бұзылады. Көнерген көліктерге қосалқы бөлшек те тапшы.
– Біз бұл жағдайдан хабардармыз. Жолаушы тасымалын жақсарту үшін былтыр 3 трамвай сатып алынды. Биыл тағы үшеуі алынады. Оған бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Жыл сайын техникаларды жаңартып отырамыз, – деп мәлімдеді қала әкімінің баспасөз хатшысы Азат Қасымов.
Трамвай сатып алумен мәселе түбегейлі шешілмейді. Себебі, шойын жол мен электр желілері де әбден ескірген.
"Ал, оларды жаңарту үшін кемінде 10 млрд теңге қажет", – дейді мамандар.