Өскемендегі трамвай паркінде жүргізушілер жетіспей жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 20 жұмысшы керек. Парк басшылығы мәселені шешу үшін жүргізушілерді тегін оқытатын болды.
Трамвай жүргізушілерінің жетіспеушілігінен 18 трамвайдың оны ғана желіге шығып жүр. Тіпті кейде бригада жүргізушілерін ауыстыратын адам табылмай қалып жатыр.
Парк басшылығы мәселені шешу үшін жалақаны екі есе, яғни 400 мың теңгеге көтерді. Бұған қоса жаңадан 4 бірдей қоғамдық көлік алды. Тіпті жүргізушілерді тегін қайта оқыту курсынан өткізуге де әзір. Бірақ, соның өзінде жұмысшы жетіспей жатыр.
Айта кетейік мұндай қоғамдық көлік түрі елімізде Павлодар, Теміртау, Өскеменде ғана сақталған.
- Бізге жұмысқа тұрып, 400 мың теңге жалақы алуға әбден болады. Әрине, жұмыс жеңіл емес, көп еңбектену керек. Осы жүргізушілердің аздығы салдарынан трамвайларды толық қолдана алмай отырмыз, - дейді Трамвай паркінің көлік қозғалысы бойынша қызмет бастығы Вера Шинкевич.