25 желтоқсан күні Өскемендегі Назарбаев көшесінде жеке тұрғын үйде өрт шықты, деп жазады inbusiness.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
"Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Көк түтін тұмшалаған үйдің ішіне кіріп барлау жасаған құтқарушылар екі адамды тауып, сыртқа алып шықты. Олар үйде әлі екі адам барын жеткізген. Осылайша, барлығы 4 адам құтқарылды, атап айтқанда 1987 жылғы әйел және 1974, 1982 және 1988 жылғы үш ер адам", - делінген ақпаратта.
Дәрігерлер зардап шеккендерді тексеріп шықты, бірақ олар ауруханаға жатудан бас тартты. Көп ұзамай жалпы ауданы 90 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды.
Өрттің шығу себебі отты абайсыз пайдаланудан болуы мүмкін. Қызыл жалынмен күреске жеке құрамнан 19 адам мен 5 техника жұмылдырылған.