Өскеменде үлескерлердің мәселесі өршіп тұр

449

"Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысы мердігердің жасаған жұмысы туралы құжатқа үй қабырғасы 40 см болуы керек.

Өскеменде үлескерлердің мәселесі өршіп тұр

Өскеменде 30 шақты үлескер әлі күнге дейін өз пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. Мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан көпқабатты үй былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ мердігердің жасаған жұмысы туралы құжатқа, серіктесі "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаға қатысты кемшілік бар деп, қол қоймай отыр. Ал құрылысшылар болса ол негізсіз деп, корпорация өкілдерін кінәлауда. 

Үлескерлер ақша салған үйдің қабырғасы үшінші қабатына дейін ғана көтерілген. Қазір мұнда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылыстың өзі уақытынан кеш басталыпты. Оған серіктесі "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығы қажетті құжаттарды уақытылы алып бере алмағандығы себеп болды дейді. Алайда соған қарамастан құрылысшылар жұмысты уақытында бітіруге тырысып, тез қимылдаған. Алғашқы атқарған жұмыстары туралы құжатты қараша айында қол қойғызуға тапсырған. Содан бері серіктесі қол қоймай, себепсіз созып жіберді дейді.

Баспаналы болуды армандаған мына тұрғындардың кейбірі банктен несие алып, салынатын үйлерінің ақшасын 2 жыл бұрын төлеп тастаған. Ол кезде үйдің шаршы метрі шамамен 270 мың теңге болған. Қазір ондай баға жоқ. Сондықтан өздері келісім шарт жасасқан мердігерге үйді толық аяқтап беруге мүмкіндік жасалса деген өтініштері бар.  

"Қазіргі заманда шаршы метрі 400 болып кетті. Мен ол бағаға ондай пәтер ала алмаймын. Тіпті 2 бөлмелі пәтер ала алмаймын. Мүмкіншілік берсе мына кісілерге құрылысты бітіріп, біз өз пәтерімізді алғымыз келеді", - дейді қала тұрғыны Мұрат Азылханов. 

"Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысы мердігердің жасаған жұмысы туралы құжатқа үй қабырғасы 40 см болуы керек. Олар 20 см қалыңдықта салып жатыр дегенді сылтау етіп, қол қойылмағандығын айтты. Ал құрылыс компаниясы өкілі қабырға әлі біткен жоқ. Жасаған жұмыс туралы құжатта ол туралы бірде бір сөз де жоқ. Сондықтан жұмысыма негізсіз кедергі болды деп, серіктестерін кінәлайды.

"Қасымыздағы мына СПК-мен бірлесіп салып жатқан басқа нысандардың барлығының қолында техшешімі бар. Барлығы сол 20 см-мен салып жатыр. Қазір енді СПК Ертістің бүкіл АКТ-лерімізге негізсіз қол қоймағандығынан құрылыстың барлығын тоқтаттық", - деп нақтылады Құрылыс компаниясының жоба бойынша жетекшісі Аманжол Дәулетияров. 

Енді мердігер серіктестік туралы шартты бұзып, өзімізге тиесілі қаражатты қайтарып беріңдер дейді. Онымен "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы келіссе бастаған жұмыстарын толық аяқтап, үлескерлер алдындағы міндеттерін орындауға уәде беріп отыр. Ал екінші тарап оны сот қана шешетінін айтты.

"Келісім шартты сот шешімі арқылы ғана бұза аламыз. Өйткені біз бөлек сараптама жасатамыз. Олар басқа сараптама жасаушыларды шақырады. Сондықтан сот шешіміне ғана жүгінеміз", - деді "Ертіс" ӘКК басшысы Тамара Рахымжанова. 

Іс сотқа жетсе тоқтап тұрған құрылыстағы жұмыс жақын уақытта қайта жалғаспайтыны белгілі. Сондықтан үйін күткен үлескерлер де жағдайды медиация жолымен шешілгенін қалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу