Өскеменде ұялы байланыс пен интернет ұстамайтын жерлер көп

381

Өскемендегі 25-ші шағын ауданның халқы ұялы байланыстан ада.

Өскеменде ұялы байланыс пен интернет ұстамайтын жерлер көп Фото: polytech-soft.com

Ондағы тұрғындар біреумен хабарласу үшін биік жер іздеп, жол бойын жағалап кетеді. Байланыс болмаған соң, ғаламтор да мұндағылар үшін үлкен мәселе. Оқушылар үшін тіпті қиын. Бақсақ, облыс орталығы ғана емес, Шығыс Қазақстанға қарасты елдімекендердің тең жартысынан астамында интернет жоқ. 

25-інші шағын аудан аталған бұл елдімекеннің бой көтергеніне 30 жылға жуықтады. Соңғы жылдары үй салып, көшіп келіп жатқандар да көбейіп келеді. Мұндағылар дәл осы ұялы байланыс пен интернет мәселесін шешіп беріңдер  деп, билік өкілдеріне айтқанымызға талай жыл болды  дейді. Бірақ бұл әлеуметтік мәселе шешіліп, өзгерген ештеңе жоқ.  

"Мен тіркеудегі адаммын. Жасым 72-де. Жиі-жиі жедел жәрдем шақыру керек. Байланыс іздеу үшін ол бір биік тауға шығу керек", – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Қаби Қасенов.

Өскемен қаласының тағы бір тұрғыны Айгүл Себекова телефонға қоңырау шала алмаймыз деп отыр. 

"Не жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Не балалармен сөйлесе алмай қаламыз. Ол үшін анау кафенің ар жағына барып сөйлесу керек", – дейді ол. 

Байланыс пен интернеттің нашарлығы оқушылар үшін де оңай болып тұрған жоқ. Сабақ оқып, қажетті ақпараттарды іздеу үшін ғаламторды қанша қопарғыңыз келсе де оныңыздан түк шықпайды. Интернет желісін іздеген жастар үй-үйді айналып, көше жағалап кетеді. 

"Мен күнде далаға шығып желіні іздеймін. Осы желі ұстамайды. Х болып тұрады күнде. Байқаулар келе жатыр көп. Мен оның бірде-береуіне қатыса алмаймын", – дейді 5-сынып оқушысы Әмір Хабиев.

Облыстағы осы салаға жауапты мамандар байланыс операторларына әмірлерінің жүрмейтінін ашық айтты. Нарық заңы бойынша тек ұсыныс жасаумен ғана шектеліп отыр. 

"Барлық интернет дұрыс ұстамайтын жерлер операторларға берілген. Олар өздерінің техникалық және қаржылық мүмкіндіктеріне қарап, шешім қабылдау керек. Себебі, бұл нарықтық операторлар. Біз оларға ықпал ете алмаймыз", – деді облыстық цифрландыру және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Әбдірахманов.

Осыған дейін әкімдік өкілдері жасаған ұсынысқа байланысты байланыс операторлары тарапынан нақты жауап болмаған. Десе де басқарма басшысының орынбасары ел алдында тағы да кездесіп, талқылауға уәде берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу