Өскеменде жаңа трамвайлар іске қосылды

117

Қазіргі таңда шаһарда 23 трамвай бар, алайда олардың жартысы ғана жұмыс істейді.

Өскеменде жаңа трамвайлар іске қосылды Фото: Өскемен қаласының әкімдігі

Өскемен қаласында жолаушыларды тасымалдауға арналған жаңа трамвайлар іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қалалық трамвай паркінің мәліметінше, вагондар біртіндеп желіге шығарылып жатыр.

Барлық жүйелерді тексеріп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа трамвайларды кезең-кезеңімен іске қосамыз, деп отыр кәсіпорын өкілдері.

Шаһар үшін үш заманауи вагон сатып алу – маңызды қадам. Қазіргі таңда паркте 23 трамвай бар, алайда олардың жартысы ғана жұмыс істейді. Жылжымалы құрамның тозу деңгейі 90%-ға жеткен, көптеген вагондар 40 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Соңғы рет паркті жаңарту 2023 жылы жүзеге асқан болатын, сол кезде Беларусь өндірісінен төрт трамвай алынған.

Көлік тапшылығы тұрғындардың трамвайға деген сұранысына да әсер етті: 2017 жылы ай сайын 500 мыңнан астам адам пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге азайған. Қазір қала трамвайлары күніне шамамен 9 мың жолаушыны тасымалдайды.

Жаңа вагондар заманауи талаптарға сай жасалған: оларда кондиционерлер, күшейтілген пештер, орташа едендік конструкция бар. Парк басшылығының айтуынша, жаңарту сапарды ыңғайлы етіп, жолаушылар сенімін қайта оралуға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу