Өскеменде жас ғалымдар ерекше шкаф жасап шығарды

686

Ол адамды бет-әлпетінен таниды.

Өскеменде жас ғалымдар ерекше шкаф жасап шығарды Фото: inform.kz

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да "Ақпараттық жүйелер" мамандығында оқитын Рүстем Жұмабекке QR код пен Face ID идентификациясы арқылы ашылатын ақылды шкаф жасап шығарды. Оған университет лекторы Бақытжан Көпжасаров қолдау танытқан.

Жас ғалым Kazinform-ға сұхбат беріп, шкафтың қалай жасалғанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

- Ерекше шкаф жасау идеясы қалай келді?

- Сабақтан бос уақытымда фитнес-клубқа барғанды жақсы көремін. Ондағы сырт киімді салатын шкафтар кішкентай кілтпен құлыпталпды. Бірде кілтті жоғалтып алып, біраз әбігерге түскенім бар. Сол жағдайдан кейін кілтсіз ашылатын шкаф жасау жайлы ой келді. Әсіресе адамның бет-әлбетін танитын және QR кодпен ашылатын болса ыңғайлы ғой. Әйтпесе тек мен емес, көп адам кілтін таба алмай қиналады, кейбіреулер кілтті үйге алып кетіп, сол күйі қайтармай жатады. Бұл клуб иелеріне де қолайсыздық тудырады.

Сөйтіп, өзім білім алып жатқан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттер арасында өтетін StartUp жобасына қатысуға бел байладым. Ақылды шкаф жасау идеясын фитнес-клуб иесіне айтып көргім келді. Маған жеке кәсіпкермен бастапқы келісім жүргізуге және ментор таңдауға факультет деканы Салтанат Сайларбекқызы көмектесті. Ментор, яғни, кеңесші және жетекші ретінде университетте арнайы пәндердің іс-тәжірибесін жүргізетін лектор Бақытжан Тұрмышұлы қолдау білдірді. Одан кейін фитнес-клубтың киім айырбастайтын орнында ерлер мен әйелдер бөлмесі бөлек болғандықтан, нәзік жандарға арналған бөлмедегі шкафтарға электромонтаждық және сынақ жұмыстарын жүргізу үшін бір топта оқитын курстас Аружан Ражапаваны жобаға атсалысуға шақырдым.

- Ақылды шкафтың мүмкіндіктері қандай?

- Біз ақылды шкафтың алғашқы нұсқасын осыдан 3 ай бұрын жасап шығардық. Ай сайын шкаф пайдаланушыларының өтініштерін ескеріп, одан сайын ыңғайлы бола түсуі үшін оны дамытып отырдық. Қазір фитнес-клубқа келушілер әуелі FaceID, яғни, биометриялық бақылаудан өтіп, өзін жүйеге рәсімдейді. Одан соң сырт киімін сақтау үшін киім айырбастайтын бөлмедегі жүзден астам шкафтың ішінен көңілінен шығатын біреуін таңдап алады. Осылайша, әдеттегі кілттердің орнына адам биометриясының ерекшеліктері қолданылады. Бұл жоғары қауіпсіздік пен жұмыс процестерін автоматтандырудың кепілі. Шкаф мүмкіншіліктерін толық аша алмаймын, себебі ол коммерциялық құпия.

- Осындай шкафтарды орнатуға тағы ниет білдіріп жатқандар бар ма?

- Жүзден астам ақылды шкаф Өскемендегі Terrasport фитнес-клубына орнатылған. Жеке кәсіпкер Ольга Ивановаға алғыс білдіреміз. Идеямызды іске асыруға, сынақ жүргізуге мүмкіндік берді. Негізі кез келген бизнес иесі өз кәсібін сынақ алаңы ретінде бере бермейді. Бұдан бөлек, 3 секциялы ақылды шкафқа қызығушылық танытқандарға демонстрация жасау үшін қаладағы әкімшілік ғимараттардың біріне уақытша орналастырдық. Хабарласып, сұрап жатқан басқалар да бар. Себебі біздің аппараттық-бағдарламалық жүйе осыған ұқсас импорттық жүйелерден 3 есе арзан тұрады. Одан кейін біздің жүйені таңдаған Өскемендегі кәсіпорындарға тұрақты түрде жедел техникалық қолдау көрсетіп отырамыз. Қателеспесем, қазіргі уақытта қалада мұндай қызмет көрсетін мекеме жоқ.

- Алдағы уақытта осыған ұқсас басқа да инновациялық жобаларды қолға алу ойда бар ма?

- Иә, осымен тоқтамай, алда басқа да жобаларды жасау үшін курстастармен бірігіп "Lemma" деген топ құрдық. Қазір сол топ мүшелері тағы бір жоба бастадық. Әзірше ол жобаны елдің қаншалықты жаңашыл деп қабылдайтыны белгісіз. Себебі біз көбіне реинжениринг және кері инженерингпен шұғылданамыз. Әзірше технология жасауда тренд бере алмаймыз. Мақсатымыз – бар технологияларды жіті зерттеу және қала тұрғындарының оған қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. 

- Неге топты "Lemma" деп атадыңыздар?

- Бұл математикалық ұғым. "Лемма" дегеніміз дәлелденген тұжырым және ол басқа ірі тұжырым дәлелдемесіне қолданылады.

- Әңгімеңізге көп рахмет. Топтарыңыз атауына сай жаңа технологиялар негізін тұжырымдап, ірі инновациялық жобаларды іске асыра бергей. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу