Өскеменде жекеге сатылуы мүмкін трамвай паркіне 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

509

Бұрын жекеменшік қолда болғанда айлар бойы тоқтап қалған кездері болған.

Өскеменде жекеге сатылуы мүмкін трамвай паркіне 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды Фото: Google

Осы қыста Өскеменде 40 жылда бірінші рет жаңа төрт трамвай сатып алынды. Олардың соңғысы күні кеше ғана сынақтан өткізілді. Бірақ, бір өкініштісі, бюджет ақшасы жұмсалған бұл көліктер алдағы уақытта жекеменшікке беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өскемен – елде трамвай жүретін үш қаланың бірі. Бұл көлік түрінің қалада пайда болу тарихы тереңде. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан басталады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпорын жекеменшік қолға өтті. Содан бері бірнеше қолдан өтті. 2010 жылдан бері жағдайы мүшкіл тартып, айлар бойы жұмысы тоқтап та қалған кездер болды. Ақыры қала әкімдігі оны мемлекет меншігіне сатып алды. Сатып алуға 443 млн теңге жұмсады.

Одан кейін Алматы қаласында трамвай жолдары жабылып, ондағы 13 вагонды сатып алуға мемлекеттен 118 млн теңге бөлінді.

Осылайша мемлекет меншігіне алынған жылы-ақ кәсіпорынға жарты млрд теңге салынды.

Бұдан кейін қала бойынша трамвайдың теміржолдары күрделі жөндеуден өткізілді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде 300 млн теңге қарастырылды. 

Былтыр Беларус елінен төрт жап-жаңа трамвай сатып алынды. Олардың әрқайсына 202 млн теңгеден бөлінді. Барлығы 811 млн теңге болды.

Жоғарыда көрсетілген сандарды есептей келе, 1 млрд теңге астам қаражат салынғанын көреміз.

Сонымен, бір кезде жекеменшікте болып, мүлде тоқтап қала жаздаған трамвай паркі мемлекет ақшасымен қайта жанданды. Бірақ ол алдағы уақытта тағы да жекешелендірілмекші. 2020 жылы жекешелендірілетін мүліктер тізіміне енгізілді. Қоғам белсенділері қалпына келген кәсіпорын қайта азып-тозып кете ме деп алаңдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу