13 ақпанда сағат 19.00 шамасында "102" жедел арнасына хабарласқан ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қызының жоғалып кеткенін айтты.
Өз сөзінде ол түс кезінде апайының үйінен шыққан баласының сол күйі хабар-ошарсыз екенін жеткізді. Ертіс полиция бөлімінің жеке құрамы шұғыл түрде 13 жастағы жеткіншекті іздеуге кірісті.
"Іздестіру жұмыстарына кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар да жұмылдырылды. Қыз баруы мүмкін деген жерлер түгел тексерілді. Әйтеуір түн ортасында жеткіншек аман-есен табылды", - деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Оның айтуынша, қыз өзінің танысымен күні бойы қаланы аралап, соның үйіне бара жатқанда табылған.