Өскеменде жолаушылар қоғамдық көлікті көп күтеді

475

Аблакетка шағын ауданына қоғамдық көлік уақытылы жүрмейді.

Өскеменде жолаушылар қоғамдық көлікті көп күтеді Фото: Ашық дереккөзден

Өскемендегі Аблакетка шағын ауданына қоғамдық көлік уақытылы жүрмейді. Кестеден кешігеді. Тіпті кейбір автобустар тиісті бағытқа шықпай қояды. Бұл мәселе бұған дейін талай айтылып, дау туғызған соң, іс сотқа жеткен. Онда 2 мәрте қаралып, жағдай реттелсін деген шешім шыққан. Алайда еш нәтиже жоқ.  Жаяу қалған халық бүгін қайта жиналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Аблакетка мөлтек ауданының тұрғындары қоғамдық көлік үшін осылай жиналуды әдетке айналдырды. Уақытылы жүрмейтін автобустарға қатысты жағдайды талай реттемек болған халықтың айтқаны орындалмай-ақ қойды. Қайта керісінше мәселе ушығып барады.

"Қазір автобус жоқ. Өз басым қала ішіне ауруханаға жиі барамын. Аялдамаға шығып, сағаттап күтемін. Жұмысқа баратын адамдар бар. Мектепке баратын балалар бар. Тегін жүрмейміз. Ақысын төлейміз ғой. Осы халықтың жағдайын неге ойламайды", - деді қала тұрғыны Валентина Цыбенко.

Әкімдік қызметкерлері тасымалдаушы компаниядан арада жасалған келісімшарттағы міндеті орындауды талап етіп отырғандарын айты. Оның өзінде де тек қолданыстағы заңның аясында ғана әрекет ете аламыз  дейді. Өйткені, артық тексеріс жасаса қазіргі заңда кәсіпкерлікке кедергі келтіру бабы тағы бар.

"Дәл сол маршрут бойынша бізде 137 млн теңге субсидия бөлінген болатын. Бірақ сонымен қатар, тасымалдаушы біз қойған талаптарды орындамай жатыр. Сондықтан біз қазіргі уақытта сотқа арыз дайындап жатырмыз", - деді Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Бұған дейін жолаушылар, тасымалдаушы компанияның жауапсыздығына байланысты, жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін қала әкімдігін 2 рет сотқа берген. Әкімшілік сот келісімшартта көрсетілген міндеттер толық орындалсын деген шешім де шығарған. Бірақ жолаушыларын жолда қалдырған компания өкілдері соттың сөзін елейтін түрі жоқ.

"Мен бұл мәселеге қатысты айтатын болсам, бүкіл жүйені өзгерту керек. Бұл тасымалдаушы компания басшылығына ғана емес, жүргізушілердің жауапкершілігіне де байланысты. Оларға бөлінетін субсидия көлемі мен оның жұмсалуын бақылау қажет. Келісімшартты қайта қараған да артық болмас еді", - дейді заңгер Алексей Божков.

Тасымалдаушы компанияға мемлекет тарапынан тиісті көмек-қолдау уақытылы көрсетілуде. Сондықтан жауапсыздық танытқан кәсіпкермен арадағы келісім шартты қала билігі де қайта қарамақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу