Өскеменде жұмыс барысында аяғынан айырылған жұмысшы: "Кәсіпорын мені кінәлап отыр"

543

Жұмысшы "дөрекі қателік" істеді ме? Әлде кәсіпорын сақтық шараларын лайықты орындамады ма?

Өскеменде жұмыс барысында аяғынан айырылған жұмысшы: "Кәсіпорын мені кінәлап отыр" Фото: Видеодан скриншот

Осыдан екі ай бұрын Өскемендегі жылу электр орталығында вагондар соқтығысып, бір жұмысшы аяғынан айырылған болатын. Кәсіпорын мен арнайы комиссия іске жұмысшының өзін кінәлайды. Зардап шеккен азамат шешіммен келіспейді. 

Оқиға осы жылдың 9 наурызында болған. Ержан Сапарғалиев жұмыс орынында вагондардың соқтығысынан ауыр жарақат алып, оң аяғынан айырылған болатын. Қазір тізесінен кесілген. 

– Ол жерде жұмыс істегеніме 4 жылға жуық уақыт болды. 9 наурыз күні сағат 15.00 шамасында өз жолымда тұрғанмын, қас пен көздің арасында вагон бұрылып кетіп, екіншісіне барып соқтығысты. Тез болып кеткені сонша, өзім де түсінбей қалдым. Қатты дыбыс шықты, есімді жинап қарасам, аяғымнан қан атқылап, екінші аяғымның жанымда жатқанын көрдім. Бірден аяғымды буып, рацияға шығып, көмек сұрап үлгердім, ары қарай есімде жоқ, – дейді Ержан Слямғалиұлы.

Бір үйлі жанды асырап отырған азаматтың дәл бұлай өмірлік кемтар болып қаларын ешкім ойламаған. Жуықта Ержан Сапарғалиевтың әйелі Әсем әлеуметтік желі арқылы жұмыс беруші тарап жауапкершіліктен жалтара бастағанын айтып құзырлы органдардан көмек сұраған болатын. 

– Күйеуім өздiгiнен күнделiктi жараның ем-домын жасай алмағандықтан, мен де жұмысымнан шығуға мәжбүр болдым, – дейді Ержанның жұбайы Әсем Ермекқызы. 

Оның айтуынша, кәсіпорын кінәні Ержан Сапарғалиевтың өзінен көріп отыр екен.  

– Олар енді өз тараптарынан барлық кінәні бізге артып, екінші рет моральдік тұрғыда соққы жасады. Бастапқыда еңбек инспекторы жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін сақтамаған деген түйін жасаған. Енді уақыт өте келе жазатайым жағдай актiсі бойынша мені 80% кiнәлi, ал кәсіпорын тарапынан тек 20% ғана деп шығарып отыр. Біз бұл шешімге келіспейміз. Жұмысқа кіргеніне 1-2 ай болған адам емес қой. Жұмыс ережесі өрескел бұзылған болса, бейнебақылау камералары арқылы бақылап отырған адамдар неге ескерту бермеген? Басшылық қайда қараған? 4 жыл бойы ережені бұзып келе жатыр ма сонда? Онда неге бірде-бір ескерту беріп немесе жұмыстан шығармаған. Құзырлы органдар үнсіз жатыр. Бізге әділ шешеім керек, – дейді Әсем Ермекқызы.

Ал аталған кәсіпорындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі Медет Мұзапаров жұмысшының өрескел қателік жібергені бейнебақылау камераларына жазылғанын айтады.

– Жазатайым оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Жазатайым жағдай актiсі бойынша қызметкер 80%-ға, ал кәсіпорын тарапы тек 20% ғана кінәлі. Камералардан байқағанымыздай, маневр жасау барысында жұмысшы өрескел қателіктер жіберген. Сондықтан да осындай шешім қабылданып отыр. Ол кісіге қазір 2,5 миллион теңге қаржылай көмек берілді, ұжымдық келісімшарт бойынша тағы төлемдер жасалады, – деді ол.

Аталған оқиғаға байланысты Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы пікір білдірді. 

– 2023 жылдың 9 наурызында "Өскемен ЖЭО" ЖШС-де Е.С. Сапарғалиевпен жазатайым оқиға орын алды. 2023 жылдың 10 наурызынан бастап Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының бұйрығымен арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылды. Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің көпшілік дауыспен жұмыс берушінің кінәсі – 20%, жұмысшының кінәсі - 80% деп, шешім қабылданды. Алайда, шығарылған шешіммен комиссияның төрағасы - мемлекеттік еңбек инспекторы келіспей, жұмыс берушінің кінәсі - 70%, жұмысшының кінәсі – 30% деп, өзінің ерекше пікірін білдірді, – делінген ақпаратта.

Комиссияның қорытындысынан кейін ШҚО бас мемлекеттік инспекторы түпкілікті шешімін шығарады Бұған 15 күн уақыт кетеді. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғалып, тексеріліп жатыр.

Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде 24 адам өнідірстік жарақат алған. Оның ішінде 13-і ауыр жарақат алса, 1 адам көз жұмған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу