Өскеменде жыл басынан бері 1,3 тоннадан астам заңсыз алкоголь тәркіленді

216

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мәлім етті.

Өскеменде жыл басынан бері 1,3 тоннадан астам заңсыз алкоголь тәркіленді Фото: gov.kz

Өскеменде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша жүргізілген профилактикалық жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 34 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ертіс полиция бөлімінің қызметкерлері заңсыз кәсіпкерлік қызметтің алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1 тонна 311 литр спиртті өнім тәркіленген. Құқық бұзушылар мемлекеттік тіркеусіз және тиісті рұқсат құжаттарынсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мәліметінше, мұндай фактілер бұрын да анықталған. Мәселен, 2025 жылы алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 21 дерегі тіркеліп, 825 литр спиртті өнім тәркіленсе, 2024 жылы 26 факт бойынша 650,5 литр өнім заңсыз айналымнан алынған.

Заңсыз сауданың басым бөлігі Асқартау көшесінде анықталған. Биыл бұл аумақта алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 16 фактісі тіркеліп, 1 тонна 272 литр спиртті өнім тәркіленді.

Тәркіленген өнімдер барлық процестік шаралар аяқталғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен жойылады.

Полиция қызметкерлері мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күнделікті бақылау жүргізіп, патрульдік полиция нарядтарының жұмысын күшейткен. Сондай-ақ Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы қаладағы ахуалға тұрақты мониторинг жасалады.

Шығыс Қазақстан облысының полициясы тұрғындарды алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілері туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды. Ақпарат расталған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу