Өскемендегі азаматтарды әскерге шақырту пунктіннің тозығы жеткен. Аймақ басшысы аталған мекемені аралады.
Аталған мәселені облыс әкімі Ермек Көшербаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Шақыру пунктінің үй-жайларын жөндеу және жабдықтау мәселесін шешу керек. Өйткені мұндағы техниканың тозығы жеткен. Жалпы, шығысқазақстандық жігіттердің әскер қатарына өз ниеттерімен баруы, көбінің шекара шебіне шақырылуы қуантады. Сондай-ақ, мерзімді қызметтен өткен жастар гранттық негізде университетке түсу үшін жеңілдіктер ала алады. Бұл да өте маңызды, - дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің мәліметінше, биылғы күзде 750 жігіт осы жерден әскерге шақырылады.
- Бүгінде 175-і медициналық комиссиядан өтіп, қызмет орындарына жіберілді. Шақыру комиссиясының дәрігерлері атап өткендей, тексерулер барысында түрлі ауруы асқынған жастар анықталуда. Диагноз қойылғаннан кейін олар тұрғылықты жерілері бойынша емханаға жіберіледі немесе ауруханаға жатқызылады, - дейді әкім.