Өскемендегі трамвай жолының 2 шақырымнан астамы жөнделеді. Ол үшін қазынадан 223 миллион теңге бөлінетін болды, деп хабарлайды 24.kz.
Трамвай паркі өткен жылы қалалық әкімдіктің коммуналдық меншігіне өткен. Осыдан соң жалпы мекеменің техникалық жағдайына толық сараптама жасалды. Нәтижесінде рельстер мен электр сымдары соңғы 40 жылда бірде-бір рет жөнделмегені белгілі болды. Осының салдарынан бүгінде рельстердің кейбір бөліктері апатты жағдайда екені анықталды. Дегенмен трамвай жолдарын жөндейтін арнайы сертификаты бар мердігер мекеме жоқ болып шықты. Сондықтан жөндеу жұмыстарын трамвай паркінің мамандары өздері атқармақ. Ал қала бойынша жалпы 4 шақырмаға жуық трамвай рельсі бар.
"Өскемен қаласының көлік компаниясы толықтай жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Және оларда мамандандырылған қызметкерлер мен арнайы техниканың бәрі бар. Сол үшін қызмет көрсетеді", – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.