Өскеменде тағы да құрылыс төңірегінде дау. Жаңа салынып жатқан үйден пәтер сатып алған жүздеген тұрғын әлі баспаналарына кіре алмай жүр. Үй иелері келісім бойынша былтыр қоныс тойын тойлауы керек еді. Алайда берілген уәде орындалмай, көпқабатты үй әлі толық бітпеген.
Бұл үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ электр жарығы мен суға және кәріз жүйесіне қосылмағандықтан пәтер иелері содан бері 4 ай өтсе де кіре алмай жүр. Баспанасын күте-күте ашынған ел өзге жақта үй жалдап қосымша шығындалып жатқандарын айтты.
"Айтқандарының бәрін істейміз. Бізге түк те істемейді бұлар. Ал енді жөндеу жұмыстары міне бітіп бара жатыр. Мен қашанғы ол жерге 150 мың төлеймін. Отбасы, балаларымды көшіріп әкелейін десем су жоқ", - деп наразылығын білдірді қала тұрғыны Көгершін Аманғұлова.
Құрылыс қасына бүгін тағы да жиналған үлескерлер үйіміз сапасыз салынды. Қабырғалары қисық. Өзге кемшіліктері де толып жатыр деді. Тіпті бұл үй бастапқы жоба бойынша 9 қабат болған. Кейін аяқ астынан ол өзгеріп, тағы бір қабат қосылған. Бұл жерден пәтер алған азаматтар енді қауіпсіздіктері үшін тағы алаңдайды.
"Жоба бойынша бұл үй 9 қабатты болған. Бірақ та құрылыс жүрген кезде бізге жарты жыл қалған кезде 10 қабатты болады деп айтты. Неліктен ол жоба өзгертілді. Кім рұхсат берді? Оны біз білмейміз", - дейді қала тұрғыны Зарина Қамидуллинова.
Құрылыс компаниясының басшысы жобада өзгеріс болғанын растады. Оны құзырлы орган қызметкерлері тексеріп, тиісті шара қолданыпты.
"Мемлекеттік мекемелерден тексеру келді. Тиісті шараларын пайдаланып, бізге әкімшілік жазасын қолданды. Айыппұл төледік. Қомақты сома. Енді оны айта алмаймын сізге", - деді Құрылыс компаниясының директоры Азамат Зейнел.
Ал қала құрылыс бөліміндегілер инженерлік желілерді тарту тым созылып кеткенін мойындады. Жақын уақытта қосамыз деп, тұрғындарға тағы да уәде берді.
"Бұл сыртқы желілермен бүгінгі таңда сұрақтар болды. Бірақ келесі апталарда өзінің шешімін табады деген ойдамыз", - деп пікір білдірді Өскемен қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Мерей Әкімжанов.
Бұл үйден пәтер алғандардың кейбірі үй бағасын қолма-қол ақша беріп, толық төлеп тастаған. Енді бірі ипотекамен алған. Бәрі де келісім шарт жасап, құрылыс бітпесе де меншігіне айналдырып алған. Пәтер ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізгендері де бар. Тек құрылыс әлі толық бітпей, есік алды абаттандырылмаған.