Өскемендегі жолаушылар бекеті тозып тұр

394

Жан-жақтан келген туристер осы бекеттен түседі.

Өскемендегі жолаушылар бекеті тозып тұр Фото: Видеодан скриншот

Шығыс Қазақстанда облыс орталығындағы "Өскемен" жолаушылар бекетінің құрылысы талай уақыттан бері тозып тұр. Алыс-жақыннан келген-кеткен жолаушылар мен туристердің барлығы осы бекеттен өтеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қаланың бас қақпасы саналатын жолаушылар бекетінің тозып тұрғанын қала тұрғындар талай жазған болатын. Өткен ғасырдың еншісіндегі тарихи нысанның айналасы да қопарылып, жар болып жатыр. Бұл жолаушыларға айтарлықтай қиындық туғызады.  

- Өскеменге жазда Алматы жақтан көп турист пойызбен келеді. Ук-вокзалдан түседі. Неше жыл болды, осы жерден қарсы алып жүрмін ғой. Бекет дегенің қаланың қақпасы емес пе, табалдырығы деуге де болады. Шығыс Қазақстан туралы ең алғашқы әсер қалыптасатын жер. Вокзалың дұрыс болмағаннан кейін туризм туралы керемет нәрселер айтып қажеті де жоқ. Ішіне кірмей-ақ қойсын, анау әжетхананы айтсаңдаршы. Қысылып кірген адам лоқсып шығады. Біразға дейін өз-өзіне келе алмайды сосын, - деп жазды қала тұрғыны, журналист Дарын Нұрсапар.

Шығыс Қазақстанның табиғаты көркем, туристік аумақ болғандықтан жан-жақтан пойызбен келетіндердің қарасы мол. 

- Вокзал Өскеменнің ең осал жері! Қайыршылықтың зардабын тартып жүрген бейшара іспеттес! Бұл ғимарат негізі мәдени ескерткіштер тізімінде болу керек. Себебі өте көне ғимарат. Жалпы Өскемендегі екі вокзалдың да кісі қызығатын ештемесі жоқ! Жолаушыларға жағдай жасау деген түсінік вокзал басшыларының өңі түгіл түсіне де кірмейді. Қарапайым халықтың осының бәріне көнбеске шарасы жоқ. Билік білмейді емес, біліп отыр. Көріп отыр. Бірақ еш өзгеріс жоқ, - деп жазды желіге қала тұрғыны Түсіпхан Түсіпбеков.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша архитектуралық нысан 2001 жылы жекеменшікке сатылып кеткен.

- Бұған дейін біз жекеменшік кәсіпкерлердің жұмысына араласпау туралы мораторийге байланысты мұнда келе алмадық. Енді, міне, мораторий бітті. Вокзал құрылысының иесін әкімдікке шақырдық, бірақ ол келмеді. Вокзал директорымен сөйлесіп, тез арада жөндеу жұмыстарына қатысты жоба-жоспарын жасауды тапсырдым. Жоба-жоспар нысанның архитектуралық ескерткіш екендігі негізге алына отырып жасалуы керек. Ол да ескертілді. Егер архитектуралық нысанды күтіп ұстау талаптары ары қарай дұрыс орындалмайтын болса, сот арқылы мемлекетке қайтаруға болады, - деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Осылайша тұрғындар "Өскемен" жолаушылар бекетінің таяу арада жөнделгенін қалайтындықтарын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу