Өскеменді қар басты

529

Шығыс Қазақстанда жауған қардың қалыңдығы жарты метрден асты.  

Өскеменді қар басты Фото: inbusiness.kz

Қалың қар қаладағы көлік қозғалысына қиындық туғызып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Биыл Шығыста қыс қаһарына мінді. 13 желтоқсанда жауған қалың қардың қалыңдығы жарты метрден асып, көлік қатынасын айтарлықтай қиындатты.

Қалада көліктер аулаларынан шыға алмай, автобустар кестеден кешікті. Жауған қар қалыңдығы жарты метрден асқан.

"Қар күні бойы тоқтамай жауды. Қазір жарты метрден асып кетті. Жол тазалаушылар үлгермей жатыр. Тек орталық көшелерді ғана ашқан. Ал шет көшелер мен аулалар сол қалпы. Қарама-қарсы көлік кездесіп қалса қиын. Бірнеше рет батып қалдым. Автобустар да дұрыс жүрген жоқ. Көлік қозғалысына қиындық туғызды. Көбі жұмыстан кешікті. Енді күрейтін шығар", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Әлібек Досанұлы.

Ал шаһарды қардан тазартуға жауапты "Таза Өскемен" мекемесі жолды тазартуға 86 техника мен 150-ден астам адам жұмылдырылғанын айтады.

"Соңғы 2 аптадан бері қар күнара толауссыз жауды. Ал кешеден бері оның қалыңдығы 1 метрге жетті. Дәл мұндай қар 5-6 жыл бұрын болған. Сондықтан 4-5 жылда бір рет көп түсетін қар үшін техниканың санын көбейту тиімсіз. Тұрғындар сәл шыдамдылық танытса, 1-2 күнде бәрі реттеледі", - дейді "Таза Өскемен" КМК директоры Асхат Тәженов.

"Қазгидромет" РМК Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Ляззат Болатханқызының айтуынша, ең қалың қар Марқакөл қорығы маңында түскен. Оның биіктігі - 75 сантиметр.

Күршім ауданына қарасты Боран ауылында қардың қалыңдығы 56, Теректіде 49 сантиметрге жеткен. Самар ауданына қарасты ауылдарда - 34-40 сантиметр аралығында. Алтай қаласында - 56, Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын ауылында 40 сантиметр жауған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу