Өскемендік магистрант қоқыс сұрыптайтын жаңа кешен ойлап тапты

404

Қалдық өткізгендерге сыйақы QR-код арқылы беріледі.

Өскемендік магистрант қоқыс сұрыптайтын жаңа кешен ойлап тапты Фото: Аstana.gov.kz

25 қазанда елде ұлттық мереке – Республика күні тойланады. Егемен елдің топырағында туған талай жас бауырын жазып көсіліп, талантын танытуға мүмкіндік алды. Егемендіктің саясында білімін жетілдіріп, таным көкжиегін кеңітіп, өз өнерін еркін көрсете алған жастың бірі – Дәулетбек Ағзам. Ол қоқыс сұрыптайтын автоматтандырылған жаңа кешен құрастырып шықты. Өнертапқыш – С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың магистранты.

Кешен күн және жел энергиясын, QR-код қолдану арқылы іске қосылады, деп жазды Altaynews.

– Жобаның ерекшелігі – жағымсыз иісті кетіретін, салқындататын желдеткіш жүйесі бар азық-түлік контейнерін (қалдыққа арналған контейнер) құрастыруында. Кешен күн, жел және жаңбыр тамшысының энергиясын пайдалану арқылы іске қосылады, – дейді жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Қалдық өткізгендерге сыйақы QR-код арқылы беріледі. Дәулетбек Ағзамның сөзінше, қайта өңделген қалдық үшін сыйақы беру – ел азаматтарын қоқысты сұрыптауға ынталандыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын фактор.

– Жобамның адамзатқа, қалаға және табиғатқа тигізетін басты пайдасы – халықтың бойында қалдықты бөлек, сұрыптап жинау сынды пайдалы әдетті қалыптастыратынында. Смарт-технологияны енгізу қала тұрғындарының тұрмысын, шаруасын жайлы етіп, ал кәсіпорындарға өңдейтін өнімнің көлемін арттыруға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, электр энергиясының құнын төмендетуге әсер етеді, – дейді Дәулетбек Ағзам.

Дәулетбек Ағзам жобасын Түркияда өткен EXPO-дағы STEM-фестивальде жұртшылық назарына ұсынған. Жобаны салалық нарық мамандары жоғары бағалаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу