Өскемендік тұрғын арзан қант сатамын деп елдің 102 млн-ға жуық теңгесін алдап алған

414

Сол кезде қант саудасын бір емес бірнеше адам жүргізген. 

Өскемендік тұрғын  арзан қант сатамын деп елдің 102 млн-ға жуық теңгесін алдап алған Фото: Inbusiness.kz

Өскеменде арзан бағаға қант әкеліп беремін деп тұрғындардан 100 млн теңгеден астам қаржы алған алаяқ бес жылға сотталды. Ол сауданы WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желі арқылы жүргізген.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың жаз айында сауда дүкендерінде қант тапшылығы туындаған болатын. Сол кезде арзан бағада қант әкеліп береміз деген хабарламалар желіде желдей ескен. Тіпті тұрғындар мен кейбір дүкен иелері "арзан" хабарламаға алданып, қыруар қаржыларын хабарландыру иесіне табыстаған. Алайда межелі уақыттан соң уәде еткен тауар қолдарына тимеген.

Бір қызығы ол кезде қант саудасын бір емес бірнеше адам жүргізген. Қала тұрғындары редакциямызға хабарласып көмек те сұраған болатын. Бастапқыда елдің сеніміне кіру үшін олар тауарды уақытылы жеткізіп беріп отырған. Ал екінші рет тапсырыс бергенде қоян-бұлтаққа салып сан соқтырып кеткен.

№2 қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы қанттың мәселесі бойынша 289 адам алаяққа алданған.

"Ол қантты нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада 100% алдын ала төлеу шартымен ұсынды. Бұған сенген 289 адам алаяққа өз ақшаларын аударған. Алайда әйел қантты да бермей, ақшаны да қайтармай, хабар-ошарсыз кетті", –  делінген ақпаратта.

Осылайша, сотталушы 100 млн теңгеден астам пайда көрген. Сот шешімімен қала тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Осы орайда арзан қант әкеліп беремін деген алаяққа алданған тұрғыға хабарластық. Алайда жәбірленушілердің бірі ақшасын әлі қайтарып ал алмай жүргенін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу