Өскеменде жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мен қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері "Борышкер" жедел алдын алу шарасын жүргізді. Нәтижесінде айыппұлды уақытында төлеуден жалтарған екі азаматтың автокөліктері арнайы тұрақтарға қойылды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Рейд барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан айыппұл төлеуден жалтарған азаматтарға тиісті шаралар қолданылды.
Айта кетейік, ағымдағы жыл басынан бері Өскеменде 10469 автокөлік жүргізушісіне жол-қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынған. Қалалық ішкі істер бөлімінің инспекторы Алмас Арыстанғалиевтің айтуынша, биыл "Борышкер" жедел алдын алу шарасының аясында 2900 көлік жүргізушісінен 58 миллионнан астам айыппұл өндіріліп алынған.
"Өкінішке қарай, қазіргі күні 7569 өскемендік автокөлік жүргізушісінің мойынында 133 миллион теңгеден астам қарыз бар. Сондықтан әкімшілік құқықбұзушылық жасаған азаматтардан айыппұл өндіру шаралары күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі болып тұр. Аталған бағытта мүдделі органдармен бірлесіп бірқатар шаруа атқарылуда. Жалпы, айыппұл төлеуден бас тартқан адамдар еліміздің "әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 669-бабына сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылады", - дейді Алмас Арыстанғалиев.
Аталмыш шара аясында жеке сот орындаушыларының өңірілік палатасы мен полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершіліктен қашып жүрген азаматтарға айыппұлды уақытында төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік берілетінін түсіндірді.