Өскемен қаласының шеткері ауданында "Жаңа Өскемен" деп аталатын теміржол стансасы бар. Маңайында тұратын халық күнделікті дүкенге бару үшін жүк пойыздарының астынан еңбектеп өтеді. Оқушылар да мектепке бару үшін осындай қауіпті қадамға амалсыз барады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Теміржол Сол жағалау шағын ауданын екіге бөледі. Бір жағында негізгі шағын аудан, екінші жағында оннан астам үй қалады. Сол оннан астам үйдің халқы қалаға автобуспен қатынаса да, дүкенге, мектепке, тіпті ауруханаға барса да қатарынан сұлап жатқан сегіз рельсті кесіп өтеді.
Бұл шағын бекетке негізінен жүк пойыздары аялдайды. Жол ортасында кемінде бір состав вагон тұрады.
"Жол өте қауіпті. Кішкене балаларға алаңдаймыз. Өзіміз үлкен адам болған соң, еңкейіп өту қиын, кейде киімдерімізді жыртып аламыз. Кейде бір жерімізді жаралап та аламыз", дейді Галина есімді тұрғын.
Халық теміржолдың үстінен жаяулар көпірін салып беруді сұрайды. "Қымбат көпір керек емес, қарапайым ғана көпір салып берсе жеткілікті" дейді.
Алайда қала әкімдігі мәселені шешуге асығар емес. Олардың жергілікті халыққа түсіндіруінше, көпір он мыңнан аса халық пайдаланатындай болса ғана салынады. Қазір оншақты үйде оған жететін халық жоқ.
Бірақ станса басшылығының айтуынша, бұл жерден жаяу өтуге болмайды. Соған қарамастан адамдар өтуге мәжбүр.