Өскемендіктер теміржолдан еңбектеп өтіп жүр

460

"Жаңа-Өскемен" станциясында жаға ұстатарлық жағдай. Өскемендегі темір жол бекеттерінің бірінде халық вагондардың астынан тізерлеп өтіп жүр. 

Өскемендіктер теміржолдан еңбектеп өтіп жүр Фото: egemen.kz

Тұрғындар тіпті күнделікті азық-түлік сатып алу үшін, жолдың келесі бетіндегі дүкенге күнде барып-келерде өмірлерін екі рет қатерге тігуге мәжбүр.

Аурухана да теміржолдың арғы жағында. Тұрғындар тіпті келесі беттегі аялдамаға жету үшін де вагондардың астынан еңбектеп өтеді. Өйткені, станцияны айналып өтетін жол 5-6 шақырым қашықтықта. Ал жаяу адам үшін темір жолды қиып өту жақын болғандықтан жұрттың бәрі осы жолды таңдайды.  

Мұнда 8 темір жол қатар бар.  Қозғалыс өте көп, жүк вагондарына арналған станция екенін біле тұра тұрғындар бастарын қатерге тігіп, өтіп кетуге тырысады. Ал ата-аналар балалары мектептен оралғанша тақымын қысып отырады. 

"Сөмкені бір лақтырамыз. Сосын баланы еңбектетіп өткізесің. Өзіміз еңбектеп өтеміз. Қардың қалыңдығын көріп тұрсыз. Жүру мүмкін емес. Балалардың қауіпсіздігін ойлаймыз", дейді Өскемен қаласының тұрғыны Дана Зекенова.

Мұнда қайғылы жағдай да болған. Алайда арада 10 жыл өтсе де, өзгерген ештеңе жоқ. Ал бекет басшылығы мұнда бөгде адамның жүруіне тыйым салынса да көзге түсіп ұсталғандарға тек ескерту жасаумен ғана шектеліп жүр. 

"Көрген, ұстаған адамдарды ескертеді. Бұл жерден өтуге болмайды. Иә, иә. Содан кейін ары қарай сол қалыпты жағдай қайталана береді мұнда", дейді "Жаңа Өскемен" станциясының басшысы Бейбіт Өкісханов.

Теміржолшылар көпір салмайтындарын ашық айтты. Ал қала әкімдігі талап бойынша елді мекендегі халықтың саны 10 мыңнан аспаса бұл мәселе шешілмейтінін бұған дейін талай ескерткен екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу