Алматыдан әкелінеді деген 13 трамвай вагонының бесеуі Өскеменге жеткізілді, қазір олар Трамвай паркінің маңында тұр, әлі жүк көлігінен түсірілген жоқ, деп хабарлайды altaynews.kz.
Бұған дейін әкелінген көк түсті вагондар ақшыл-көк түске қайта боялатыны туралы айтылған еді. Алайда, вагондар боялмайтын болды. Бұл туралы мекеме басшысы Владимир Панков мәлімдеген.
Естеріңізге салсақ, қарызы бастан асқан Өскемен трамвай паркінің мүлкі наурыз айында сатылымға шығарылған болатын.
Корпорацияның басқарма төрағасы Антон Крамаренко парктің ендігі иесі "Ертіс" ӘКК екенін айтқан. Сатылымға қойылған мүліктер жиынтығынан 444 млн теңге түскен.
Мекеменің тіркеуге тұруы жөніндегі де мәселе әлі толық шешілмеген. "Ертіс" ӘКК бұл туралы жақын арада мәлімдеме жасаймыз деп отыр.