Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Қуат Тұмабаев ар-намысы мен абыройын қорғау туралы сотқа шағымданған болатын. Оның айтуынша, шенеуніктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы кезінде 2 полиция қызметкері оның абыройына нұсқан келтіретін ақпарат таратқан, деп хабарлайды 24.kz.
Оқиға биыл сәуір айында болды. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде көлік жүргізіп, 18 жастағы қала тұрғынын қағып кеткен еді. Зардап шеккен азамат қайтыс болды. Көлікте Қуат Тұмабаев жолаушы ретінде отырған. Патрульдік полиция куәгердің оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанын және мас күйде болғанын айтқан. Алайда Тұмабаев өзінің қашпағанын, жедел жәрдем қызметін әкелу үшін кеткенін айтып, полиция қызметкерлерінің әрқайсынан 3 млн теңге моралдық шығын талап еткен.
Бұрынғы әкімнің мас болғаны ресми түрде дәлелденбеді. Сот оның шағымын ішінара қанағаттандырып, полиция қызметкерінің бірі 100 мың теңге моралдық шығын өтеуге тиіс деген үкім шығарды. Алайда ол қазір аппелляциялық шағым түсірген. 2 полиция қызметкері де қызметтен босатылған.