Өскенбаев басқаратын министрлік маңызды мәселені ашық талқылайды

998

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің батыс өңіріндегі автожолдарды салу мәселелері талқыланды.  

Өскенбаев басқаратын министрлік маңызды мәселені ашық талқылайды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің батыс өңірінде автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау мәселелеріне қатысты алғаш рет ашық қоғамдық талқылау өткізді.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен іс-шараға министр Қайырбек Өскенбаев, Автомобиль жолдары, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеттерінің, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басшылары, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, журналистер, блогерлер және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өңір тұрғындары Zoom бойынша талқылауға қатысты.

Кездесу барысында Министрлік өкілдері "Атырау-Астрахань" автожолы құрылысының кешігу себептері, Құлсары қаласын айналып өтетін "Мұқыр-Құлсары" жолының жобасы бойынша жұмыстардың басталу уақытын өзгерту және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді  аяқтау мерзімі, сондай-ақ Мемлекет басшысының "Атырау-Орал" жолын салу жөніндегі тапсырмасын орындауға қатысты жұртшылық пен депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар Парламент депутаттары Қарабатанға дейінгі 4 жолақты жолды салу жоспары, "Махамбет – Хамит Ерғалиев" автожолын ағымдағы жөндеудің орындылығы, Атырау қаласы Талғайран шағын ауданының инфрақұрылымын қамтамасыз ету туралы сұрақтар қойды.

Депутаттар өзге де мәселелерді көтерді. Оның ішінде жол құрылысы мен жөндеу бойынша басталған барлық жобаларда жұмыстардың аяқталу мерзіміне жанар-жағармай мен құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер ете ме, кепілге қойылған қаржыландыру жеткілікті ме, бір шақырым автожол құны ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда елімізде неге төмен, бұл олардың сапасына әсер ете ме, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде не үшін инфляция коэффициентінің орнына төмендету коэффициенті қолданылады деген сияқты сауалдар қойылды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері кездесуге қатысушылардың сұрақтарына ашық және толық жауап берді.

Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп, көлік және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша тұрақты негізде қоғамдық талқылаулар өткізуге уәде бергенін айта кету керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу