Осы айда қазақстандық спортшылар төрт бірдей әлем чемпионатына қатысады

792

Қазақстан командалары әлемдік додаларға дайындық үстінде.

Осы айда қазақстандық спортшылар төрт бірдей әлем чемпионатына қатысады

Тамыз айында қазақстандық спортшылар төрт бірдей әлем чемпионатында бақ сынайды, деп хабарлайды olympic.kz.

1. 10 тамыз күні Жапонияның Хатиодзи қаласында спорттық құзға өрмелеуден лицензиялық әлем біріншілігі басталды.

Хатиодзи қаласында өтетін спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатында тұңғыш рет Олимпиада ойындарының жолдамасы таратылады. Команда бапкері Сәуле Ысқақованың айтуынша, Олимпиада лицензиясы көпсайыс бойынша сарапқа салынады. Сондықтан, көпсайысшыларға басымдық беріліп отыр. 

2. Ал 21-25 тамыз аралығында Венгрияның Сегед қаласында байдарка мен каноеде есуден әлемдік сын жеңімпаздары анықталады.

Байдарка мен каноеде есуден Қазақстан командасы Чехияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Құрама бас бапкері Андрей Шантарович әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін әлі жариялаған жоқ. Венгриядағы әлемдік сында төрт адамдық байдаркадан Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Бұл бәсеке бойынша қосымша лицензиялық турнирлер өтпейді. Сондықтан, төрт адамдық байдаркашылар мойнында үлкен міндет тұр. 

3. 24 тамызда Австрияның Линц қаласында академиялық есуден әлем біріншілігі өтеді. 

Академиялық есуден команданың жаңа бапкері Владимир Белоногов әлем чемпионатында жолдама мен жүлдеге таласа алмайтынын ашық айтты. 

4. 25 тамызда болашақ Олимпиада астанасы Токиода дзюдодан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі.

Дзюдошылар додасы отандық жанкүйерлер асыға күткен бәсекелердің бірі. Себебі, спорттың бұл түрінен жүлдеге үмітті балуандарымыз жоқ емес.

"Қазақстан құрамасы Бурабайдағы "Жақсы" спорт базасында дайындық өткізуде. Бұл әлем чемпионаты қарсаңындағы негізгі дайындық кезеңдерінің бірі. 16 тамызда Алматыға оралып, Новоалексеевкада тоғыз күндік жиын өткіземіз. Содан соң әлем чемпионатына аттанамыз", – дейді бас бапкер Айдын Смағұлов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу