Қазақстанға аномальді аяз келеді. Синоптиктердің айтуынша, еліміздің біраз бөлігінде ауа температурасы минус 45 градусқа дейін төмендейді, деп хабарлайды 24.kz.
Бірқатар өңірде қар жауып, қатты борандатуы мүмкін.
"Орал аймағынан келе жатқан атмосфералық фронттар және оңтүстіктен келген циклон байланысты еліміздің басым бөлігінде алдағы түнде қар жауады, бұрқасын болады және қатты екпінді жел соғады. Ал оңтүстікте тұман мен көктайғақ күтіледі", – дейді "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі Лаура Сайлыбаева.
Қытымыр аяз еліміздің оңтүстігінде де қаһарына мінеді. Бұл өңірлерде ауа температурасы минус 30 градусқа дейін төмендейді. Бұған Арктикадан суық ауа массаларын әкелетін антициклон себеп.
"Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және ШҚО ақпанның 6-7 күні ауа температурасы түнде 45 градусқа дейін төмендейді. Бірақ желдің, ылғалдың әсерінен 60 градус аяз секілді сезіледі. Ал оңтүстік өңірлерде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында ауа температурасы кей жерлерде 30 градус аязға дейін төмендесе, бұл адамға 40 градус секілді әсер етеді", – дейді Лаура Сайлыбаева.
Қазгидромет қытымыр аяз аптаның соңына дейін орнығады деп болжап отыр.