Биыл 15-16 мамырда Германия экономикасы шығыс комитетінің бизнес делегациясының Астанаға сапары жоспарланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Сапарға орай Берлин Еуразиялық Клубының (БЕК) отырысы өтеді және оған ҚР Премьер-Министінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева қатысады.
"Іс-шараға Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер бастаған 30-дан астам неміс компаниясы (энергетика, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі саласында) қатысады. Берлин клубы 2012 жылғы 7 ақпанда құрылған. Клубтың жұмысы ашық пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу мақсатында екі мемлекеттің саясаткерлері, сарапшылары, бизнесмендері арасындағы тұрақты өзара іс-қимылға бағытталған", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен апталық баспасөз мәслихатында.