Осы аптада тағы бес өңірде жылу беру маусымы басталады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, жылыту маусымы бес өңірде басталған. Атап айтқанда, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласы.
"Ауа райы көрсеткіштеріне қарай, осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде – Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымының басталуы күтілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры мен жабдық құрамы қалыптастырылды. 17 мың км электр беру желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды, төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Сондай-ақ жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспардағы 377 км-дің 374 км-ін немесе 99%-ын құрайды", – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Энергетика вице-министрі дайындық бойынша бірқатар өңірлер ведомствоның ерекше бақылауында екенін атап өтті.
"Өткен аптада Петропавл қаласында үш жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Степногорск қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйекте басталды. Жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Қазіргі уақытта желілерді тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ішкі тарату желілері бойынша да жұмыстар аяқталып, тұтынушыларды қосу жұмыстары жүргізілуде.
Семей қаласындағы үш жоба бойынша есепті аптада жұмыстар 12%-ға орындалып, жоспардың жалпы орындалуы 82%-ды құрады. Сорғы жабдығы 27 қыркүйекте жеткізілді, қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты, Абай облысының әкімдігі жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет", – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.