Осы аптаның соңында ОПЕК-ке мүше елдердің отырысы ұйымдастырылады

836

АҚШ-тың мұнай қоры бойынша деректер жарияланғаннан кейін, мұнай бағасы қайта көтеріле бастады.

Осы аптаның соңында ОПЕК-ке мүше елдердің отырысы ұйымдастырылады

Америкалық мұнай институтының хабарлауынша, өткен аптада елдегі шикізат қоры 7,23 млн баррельге қысқарса, жанармай қоры 4,5 млн баррельге азайған. 

Bloomberg агенттігінің дерегіне сүйенсек, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың қарашасындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсі 20 центке көтеріліп, баррелі 62,79 доллар болды.

Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында қазандағы жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 2 центке қымбаттап, барреліне 57,87 долларды құрады.

Ал бұған дейін "қара алтын" бағасы Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонды қызметінен босатқаннан кейін арзандады. Бірақ америкалық президенттің бұл шешімі Таяу Шығыс пен Азиядағы геосаяси шиеленістер жағдайында Ақ Үй әскери күшті қолданады деген күдікті сейілтті.  

Мұнай бағасы сәуір айындағы көрсеткіштен 13%-ға төмендеген. Өйткені ұзаққа созылып кеткен АҚШ пен Қытай сауда соғысы шикізатқа деген жаһандық сұранысты азайтып отыр.

Айта кетейік, осы аптаның соңында Абу-Дабиде ОПЕК-ке мүше елдердің отырысы ұйымдастырылады. Кездесуде олар алдағы уақытта мұнай өндірісіне байланысты қандай саясат жүргізетінін талқыламақ.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу