"Осы күнге дейін әйеліме дауыс көтеріп, қол тигізген емеспін": Сәкен Майғазиев зорлық-зомбылық туралы өзінің ойын айтты

942

Өнерлі әнші қоғамда үлкен талқыға түскен тақырып жайлы пікірін білдірді. 

"Осы күнге дейін әйеліме дауыс көтеріп, қол тигізген емеспін": Сәкен Майғазиев зорлық-зомбылық туралы өзінің ойын айтты Фото: instagram.com/saken_maigaziyev/

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Сәкен Майғазиев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы өзінің пікірін білдіріп, әйелдерді құрметтеуге шақырды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты “1001” түн бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Танымал өнер иесінің айтуы бойынша, әнші араласатын еркектердің 80%-ы әйелдерімен жақсы қарым-қатынасты сақтауда.

"Менің Шарапат деген көмекшім бар. Бір күні қызым Раянаны балабақшадан алып келе жатса, жолда мас жігіт ақшаны талап етіпті. Сосын, ол “ақша берсем, ішіп қоясың, онсыз да ішетін жерің қалмапты” деп ақша бермей қояды. Машинаның артында отырған қызымның ақша бермегеніне жүрегі ауырып қалыпты. “Тағы да арақ ішіп алып, отбасын ойрандап жүреді, мас адамдарға ақша бермеген дұрыс” деп түсіндіріп жатса, қызым: “Мас деген кім, арақ деген не?” деп сұрапты. Сонда, осы күнге дейін арақ пен мас адам туралы естімеген. Оны көріп, мен тәубама келдім. Зиян нәрселердің білмей өсіп жатқанына қуандым. Жас күнімізде мас болған, сыра ішетін кезіміз болған шығар. Мойындаймын оны да. Қыз-қырқынның ортасында жүрдік. Бірақ үш қызым өмірге келгесін, ондай әрекеттердің бәрін тоқтаттым. Жасымыз да жігіт ағасына келіп қалды”, – деп түсіндірді әнші.

Сонымен қатар, қоғамда үлкен талқыға түскен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуы да талантты әншіні қатты алаңдатады.

“Менің өмірімді өзгерткен нәрсе – қыздарымның дүниеге келгені. Ертең осыларға үлгілі әке болып, өзіміз секілді жар таңдаса деген ниет бар. Айналамдағы ер-азаматтардың дені жанұясымен жақсы қарым-қатынаста екенін жақсы білемін. Әйелге қол көтеретін еркек алдымен өзінің анасы, әпкесі, қызы, қарындасы екенін түсінсе екен деймін. Менің әйелімсіз күнім қараң. Осы күнге дейін әйеліме дауыс көтеріп, қол тигізген емеспін. Сосын да көп жерлерге өзіммен ертіп жүремін. Басқа азаматтарға үлгі болса, әйелді тек үй тірлігіне жұмсамай, жарқыратып жанында ертіп жүрсе, керемет емес пе?! Қазір қарындастарымыз бен інілеріміздің: “Күйеуге шықпай-ақ та өмір сүруге болады” және “Әйелсіз де өмір жалғасады” деген сөздері ішімде үрей тудырады. Бұл – теріс әрі қате ұғым. Мен мұндай сөзбен мүлдем келіспеймін. Өмірдің мәні – отбасын құру, жар бақытын сезіну”, – деп өнер иесі өзінің пікірін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу