Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер спикерден "Заң күшіне енгелі бері неше адам өз еркімен қызметінен бас тартты? Отставкаға кеткен адамдардың келесі жұмыс орнына орналасуына кедергі бар ма?" деп сұрады.
"Құқықтық институт 2019 жылғы желтоқсан айынан бастап қолданысқа енді. Сол мерзімнен бастап 36 саяси мемлекеттік қызметші отставкаға берді. Оның 16-сы қабылданды. Олар жұмыстан босатылды. Қалғандарына тәртіптік жаза түрінде шаралар қолданылды. Ал шектеуге келетін болсақ, осындай отставкадан кейін келетін азаматтардың қайта оралуына мерзімдік шектеулер бар. Олар бірден мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Олар бір жыл ішінде мемлекеттік қызметке оралмайды", – деді Салауат Мүксімов.
Агенттік төрағасының орынбасары отставкаға өз еркімен кеткен азаматтардың атын атай алмайтынын айтты.