17-ші ақпанда өтетін кезекті жекпе-жегі үшін оқу-жаттығу жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпқой боксшы Қанат Ислам АҚШ-тан бейнеқұттықтау жолдады.
Осы арқылы ол Универсиада елшісі ретінде ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі.
"Құрметті спортсүйер ағайын, Универсиада елшісі болу мен үшін үлкен мақтаныш және жауапты міндет. Мұндай әлемдік деңгейдегі спорт додасының біздің елде өтуі үлкен абырой. Мен кезекті жекпе-жегіме дайындалып жатырмын. Америкада біздің спортшыларға, біздің батырларға жанкүйер боламын. Барлық отандастарымды Алматыға келіп, спортшыларға, біздің чемпиондарға қолдау көрсетуге шақырамын. Алға Қазақстан, алға чемпиондар!" - деді Қанат Ислам.
Естеріңізге салайық, өткен жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қабылдауында болғанда Қанат Ислам "Универсиаданың спорттық елшісі" атанған.